Степногорск қаласының білім бөлімінің жанындағы "Арай" балабақшасы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны


Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидалары

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 30 қазандағы
№ 595 бұйрығына 1-қосымша

 

Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары

1 -тарау. Жалпы ережелер

      1. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Бiлiм туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзiрленген және "Назарбаев зияткерлік мектептері" Дербес білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі ұйымдарын қоспағанда, түрлеріне, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – мектепке дейінгі ұйымдар) қызметінiң тәртiбiн айқындайды.

      2. Мектепке дейінгі ұйымдардың міндеттері:

      1) балалардың өмірін және денсаулығын қорғау;

      2) тәрбиеленушілердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі және жеке мүмкіндіктері бар тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау;

      3) сапалы мектепалды даярлықты қамтамасыз ету;

      4) баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін отбасымен өзара іс-қимыл жасау;

      5) ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау бойынша консультативтік және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

      3. Мектепке дейінгі ұйымның негізгі құрылымдық бірлігі топ болып табылады. Топтар жас ерекшелігі бір немесе жас ерекшелігі әртүрлі қағидаты бойынша жасақталады.

      Мектепке дейінгі ұйымдар топтарының толымдылығы "Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 615 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15893 болып тіркелген) (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) сәйкес жүзеге асырылады.

      Топтарда бақылау бейнекамералары "Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 70 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13272 болып тіркелген) сәйкес орналастырылады.

      Жалпы дамытушы мектепке дейінгі ұйымдардың жас топтарында саны 3-тен артық емес ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеу мен оқыту қарастырылады. Топта ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балалар болған жағдайда топтарды жинақтау осындай бір балаға балалардың жалпы санын үшке кеміту есебінен іске асырылады.

      4. Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілердің болу уақыты бойынша бөлінеді және мынадай тәртіппен қызмет етеді:

      1) толық күн болу;

      2) жарты күн болу;

      3) тәулік бойы болу.

      5. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидалар мен мектепке дейінгі ұйымдар жарғысын және Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

      6. Мектепке дейiнгi ұйымдар бiр жастан бастап мектеп жасына дейiн жеткенше тәрбиеленушілерді тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету және әлеуметтік бейімдеу, дамыту және медициналық бақылау, сондай-ақ қарау, бағу және сауықтыру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын, мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсету көлемін, оның ішінде балаларға инклюзивті білім беруді іске асыру үшін орындауды қамтамасыз етеді.

      7. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 172 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10981 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      Балаларды тұрақты немесе уақытша орналасуға қабылдау онда бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргізіледі.

      Елді мекеннің ішінде бір мектепке дейінгі ұйымнан басқасына орын алмастыру жас топтары, оқыту тілі сәйкес келген жағдайда, ата-аналардың және мектепке дейінгі ұйым басшыларының келісімімен тұрақты орындарға жүзеге асырылады.

      8. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметін мынадай кезеңдер бойынша ұйымдастырады:

      1) 1 қыркүйек пен 30 мамыр аралығында – оқу жылы ("Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14235 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік бағдарлама) бағдарламаның мазмұнын меңгеру кезеңі;

      2) 1 маусым мен 31 тамыз аралығында – жазғы сауықтыру кезеңі;

      3) мектеп жасына жеткен балаларды мектепке дейінгі ұйымнан босату жыл сайын 1 тамызға дейін жүзеге асырылады;

      4) балаларды бір жас тобынан басқасына ауыстыру ағымдағы жылғы 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады.

      Мектепалды даярлық сыныптарындағы оқу процесі ағымдағы жылғы 1 қыркүйек пен келесі жылғы 25 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Оқу жылы ішінде каникулдар белгіленеді.

      9. Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың орны мынадай:

      1) бала ауырып, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де ұйымдарда емделген, сауықтырылған, денсаулығын түзеткен және оңалтылған (көрсетілімі бойынша анықтама және қорытынды ұсынған жағдайда);

      2) баланың ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне еңбек демалысы берілген (жазбаша өтінішті ұсынған кезде) жағдайларда сақталады.

      10. Басшы баланы мектепке дейінгі ұйымдардан мынадай:

      1) мектепке дейінгі ұйым мен баланың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің арасындағы шарттың талаптары бұзылған;

      2) бала бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген;

      3) дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасының негізінде баланың келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда шығарылады.

      11. Ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері:

      1) мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды;

      2) ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға арналған санаторийлік балабақшаларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады;

      3) мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылғандарды қоспағанда, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы белгілейді.

      12. Түрлеріне, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдары, оның ішінде жаңадан құрылғандары, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары және педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.

2-тарау. Мектепке дейiнгі ұйымдар қызметінің тәртібi

      13. Мектепке дейінгі ұйымдар "Білім туралы" Заңның 41-бабы мен осы Қағидалар негізінде өз жарғысын әзірлейді.

      14. Мектепке дейінгі ұйымдар:

      1) өз жарғысында белгіленген функциялардың орындалуын;

      2) "Білім туралы" Заңның 5-бабының 5-1 тармағына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандартының (бұдан әрі - Стандарт), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарының (бұдан әрі – Үлгілік жоспар) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) және Үлгілік бағдарламасының толық көлемде іске асырылуын;

      3) білім беру процесті ұйымдастыруда қолданылатын нысандардың, әдістердің және құралдардың балалардың жас, психикалық-физиологиялық ерекшелiктерiне, қабілеттеріне, қызығушылықтары мен қажеттілiктеріне сәйкестігін қамтамасыз етуін.

      4) мектепке дейінгі ұйымның штатына кіретін медициналық қызметкерлер балаларды ағымдық медициналық бақылауды, иммундау және профилактикалық тексерулерді алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің аумақтық медициналық ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастыруды;

      5) мектепке дейінгі ұйым басшысы бекітетін он күндік ас мәзірін құрастыруды;

      6) балаларды теңгерімді тамақтандыру жас ерекшеліктерін, жұмыс тәртібін, оның жиілігін ескеріп, Қазақстан Республикасы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және Жарғыға сәйкес айқындалады;

      7) тәрбиеленушілерде соның ішінде теңгерімді дұрыс тамақтану мен табиғи және жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы тамақтану мәдениетін қалыптастыруды;

      8) заңнамада белгіленген мерзімде және тәртіпте білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен автоматты түрде ақпараттармен алмасуды және мәліметтерді өзектендіруді;

      9) білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара әрекеттесудің регламентін бекітуді қамтамасыз етеді.

      15. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардағы штат саны "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес белгіленеді.

      16. Педагогикалық қызметпен айналысуға "Білім туралы" Заңның 51-бабының 1-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында қарастырылған адамдардан басқа, білімі және біліктілігінің тиісті деңгейі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттармен расталған педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі.

      17. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық қызметкерлері "Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 128 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10634 болып тіркелген) жыл сайын медициналық тексеруден өтеді.

      18. Мектепке дейінгі ұйымдар мектепке дейінгі ұйым басшысы белгілеген тәртіппен жұмыс күндері және демалыс күндері осы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған және қамтылмаған балалар үшін білім беру, сауықтыру сипатындағы қосымша ақылы қызметтер көрсетеді. Ақылы қызметтер көрсетуден түскен қаражат мамандарға еңбекақы төлеуге, құралдар сатып алуға, тиісті дамытушы орта құруға бағытталады.

      19. Отбасы мен баланы әлеуметтiк-педагогикалық қолдау мақсатында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналары үшін мектепке дейiнгi ұйымдарда консультациялық пункттер құрылады.

      20. Мектепке дейiнгi ұйымдарды басқару дара басшылық және алқалық басқару қағидаттарында құрылады. Алқалық басқару нысандары педагогикалық, әдістемелік, қамқоршылық кеңестер болып табылады.

      21. Мектепке дейінгi ұйымды тiкелей басқаруды басшы жүзеге асырады. Мектепке дейінгі ұйым басшысы:

      1) мектепке дейінгі ұйымның атынан әрекет етеді, барлық мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда оның атынан өкілдік етеді;

      2) қаражатқа иелік етуші болып табылады, шарттар жасасады, сенімхаттар береді, банктерде есептік және басқа да шоттар ашады;

      3) өз құзыреті шегінде мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады, жаза қолданады;

      4) кадрларды іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару құқығын пайдаланады;

      5) Стандарттың және Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдағы білім беру процесін жүзеге асыру үшін жағдайлар жасайды;

      6) балалардың мүдделерін, отбасы қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қосымша көрсетілетін қызметтерді ұйымдастырады;

      7) баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде ата-анасын немесе заңды өкілдерін жарғымен, қабылдау тәртібі мен білім беру процесін және медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібін регламенттейтін құжаттармен таныстырады, ата-аналармен немесе заңды өкілдермен шарт жасайды;

      8) мектепке дейінгі ұйымға бекітілген мүліктің сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      22. Мектепке дейінгі ұйым мен ата-аналар немесе заңды өкілдер арасындағы өзара қарым-қатынас баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде жасалатын шартпен реттеледі.

      23. Білім беру процесінің қатысушылары балалар, ата-аналар немесе заңды өкілдер, педагог қызметкерлер болып табылады.

      Мектепке дейінгі ұйымдағы білім беру процесі Стандарт негізінде әзірленген Үлгілік жоспарлар мен Үлгілік бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылады, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымның жарғысымен айқындалады.

      24. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушісінің, ата-аналары мен қызметкерлерінің қарым-қатынасы білім беру процесіне қатысушылардың өзара сыйластығы және жеке ерекшеліктеріне сәйкес тәрбиеленушіге даму еркіндігін ұсынуды ескере отырып, ынтымақтастық негізде құрылады.

Жаңартылған күні: 05.05.2020 19:17
Құрылған күні: 05.05.2020 19:17

Текст